«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, оралдық команда сол жиын кезінде үш жолдастық кездесу өткізіп, үміткерлерді қарап көрді. Солардың ішінен үш футболшымен, атап айтқанда, сербиялық жартылай қорғаушы Предраг Говедарица, «Тараздан» келген тағы бір жартылай қорғаушы Эдуард Сергиенко және парагвайлық Фредди Коронельмен ресми түрде келісімшартқа қол қойылды.
Айта кетейік, 31 жастағы П.Говедарица - Белград футболының түлегі. Сербиялық командаларда өнер көрсеткеннен кейін 2010 жылы Павлодардың «Ертісіне» ауысқан. Сол кезде «Ертісті» «Ақжайықтың» қазіргі бас бапкері Талғат Байсуфинов жаттықтырғаны белгілі. Сондықтан оған сербиялық жартылай қорғаушы жақсы таныс. 32 жастағы Э.Сергиенко Донецкіде (Украина) футбол әліппесін үйренген. Қазақстандық командаларда, соның ішінде «Ертісте» ойнаған. Ол да - Т.Байсуфиновтың сынынан өткен футболшы. 26 жасар Ф.Коронель парагвайлық клубтарда, ал 2014-2015 жылдары аргентиналық «Ривадавия» командасында доп тепкен.