ОРАЛ. ҚазАқпарат – Премьер-лигада өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығына» жаңадан ойыншылар алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақжайық» футбол клубы мәлім еткеніндей, ресейлік қақпашы Степан Сикачпен келісімшартқа қол қойылды.
Молдова футболының түлегі С.Сикач спорттық жолын жергілікті «Шерифте» бастап, Ресейдің «Ахмат», «Салют», «Волгарь», «Торпедо», «Афипс», грузиялық «Колхети-1913», «Динамо» (Тбилиси) және «Самтредиа» клубтарында ойнады.
ФНЛ кубогының иегері (2015), күміс жүлдегері (2018), Грузия чемпионы (2019).
Украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын командада негізгі қақпашы, оның отандасы – Сергей Литовченко. Сондай-ақ «Қайраттың» түлегі Илья Караваев та бар.
«Ақжайыққа» сондай-ақ 23 жастағы грузиялық жартылай қорғаушы Лука Имнадзе келді. Ол «Гурия», «Сабуртало», «Колхети», «Рустави», «Самтредиа», «Сабаил» клубтарында доп тепті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Оралда «Таразды» ірі есеппен тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.
Оралдықтар турнир кестесінде төртінші орында келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).