НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-лигада өнер көрсететін шымкенттік «Ордабасы» командасына бас бапкер болып Александр Седнев тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ордабасы» футбол клубы мәлім еткендей, 47 жастағы беларусь маманы бұған дейін «Белшина», «Динамо» (Минск), «Днепр» (Могилев) және қазақстандық «Ақтөбені» жаттықтырған.
Өткен маусымда А.Седнев Беларусь жоғары лигасында ойнайтын Брестің «Рух» командасына бапкерлік етті.
2012 жылдан бері УЕФА-ның «Pro» дәрежесіне ие.
Сонымен қатар қазақстандық маман Андрей Ферапонтов А.Седневтің бапкерлік құрамына кірді. Ол 2017 жылы «Ордабасы» бас бапкерінің көмекшісі болған. 44 жастағы маман сондай-ақ «Қайрат», «Оқжетпес», «Ақтөбе» командаларында, Қазақстан ұлттық және жастар құрамаларында жұмыс істеді. Өткен жылы «Рухта» А.Седневтің көмекшісі болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматының «Қайратына» неміс шабуылшысы келгенін, Криштиану Роналдудың футбол тарихындағы үздік сұрмерген атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).