Футбол: «Ордабасы» өз алаңында «Ақжайықты» ұтты

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бүгін ел біріншілігінің ХV турында Шымкентте «Ордабасы» командасы Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алаң иелерінің басымдылығымен өткен матчта қонақтар бірінші болып есеп ашты. 40-минутта оң қанаттан Иван Антиповтың берген добын сенегалдық Малик Мане баспен қақпаға дәл соқты.

Бес минут өтер-өтпесте стандартты жағдайдан кейін «Ақжайықтың» капитаны Мейрам Сапановтың басы мен аяғына тиген допты қақпа алдында жалғыз тұрған Еркебұлан Тұңғышбаев жылжыта салды.

Екінші таймда «Ордабасының» бас бапкері Кахабер Цхададзе тыңнан ойыншылар қосты. Бұл тактика өз жемісін берді. Ойын соңына таман қорғаушылардың қателігін пайдаланған өзбекстандық шабуылшы Иван Нагаев жеңіс голын соғып кетті - 2:1.

Бұл турдан кейін 22 ұпай жинаған «Ордабасы» бұрынғыша төртінші орында келеді. Қатарынан үш мәрте жеңіліс тапқан «Ақжайық» жетінші орынға сырғыды.

Айта кетейік, тосын нәтиже Қостанайда тіркелді. Турнир кестесінде үшінші орында келе жатқан «Тобыл» өз алаңында ақтөбеліктерге 2:3 есебімен есе жіберді. Бұл кездесуде армениялық легионер Маркос Пизелли хет-триктің авторы атанды. М.Пизелли 9 доппен мергендер көшін бастады.

Сол секілді Қызылорданың «Қайсары» Павлодарда 90-минутта «Ертістен» жеңісті жұлып алды - 1:0.

Осыған дейін алты рет қатарынан жеңілген Қарағандының «Шахтері» өз алаңында «Атырауды» 3:0 есебімен ойсырата ұтып, сегізінші орынға көтерілді. Талдықорғанда Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1 есебімен ұтқан «Жетісу» бесінші орынға шықты.

Турдың орталық матчы ертең Алматыда «Қайрат» пен «Астана» арасында өтеді. 

Соңғы жаңалықтар