Футбол: «Ордабасы» сырт алаңда «Ақсудан» басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 13-турының алғашқы ойын күні мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы күнгі ойындарды «Ақсу» мен «Ордабасы» командалары түйіндеді.

Кездесу тағдырын 66-минутта шымкенттік клубтан Владислав Васильев соққан жалғыз гол шешті. Нәтижесінде «Ордабасы» қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Қатарынан алтыншы мәрте жеңіске жетіп, турнир кестесінде екінші орынға мықтап орнықты.

Ал «Ақсу» соңғы он ойынның тоғызында жеңіліп, біреуінде ғана қарсыласынан басым түсті. Турнир кестесінде соңғы орында тұр.

Сондай-ақ, «Астана» «Каспийді» 3:1 есебімен жеңсе, «Қайрат» «Қызылжарды» 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Ал одан кейін «Атырау» «Тобылды», «Жетісу» «Шахтерді» қапы қалдырды.