Футбол: «Ордабасы» сырт алаңда «Мақтаралды» қапы қалдырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 9-турында «Ордабасы» сырт алаңда «Мақтаралды» сүріндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: instagram.com/fc__ordabasy

Биыл екі команданың турнир кестесіндегі жағдайы түрліше болып тұр. «Ордабасы» топ басындағы үздіктер қатарында келе жатса, «Мақтарал» көш соңына жайғасқан.

Ойынның алғашқы сәттерінде шымкентік клуб тізгінді өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде 4-минутта «Ордабасы» капитаны Асхат Тағыберген өз командасын алға шығарды.

Екінші кезеңнің 54-минутында «Мақтарал» сапынан Петрос Аветисян таразы басын теңестірді.

Ойынның 92-минутында Всеволод Садовский шымкенттік клубты тағы да алға шығарды.

Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.

Турнир кестесінде олар 20 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. Көш басында «Қызылжар» (22 ұпай) мен «Астана» (20 ұпай) командалары тұр.

Енді аталған турда 14 мамырда «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Астана» ойнаса, «Қайрат» (Алматы) пен «Ақтөбе», «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тобыл» (Қостанай) командалары ойнайды.

Еске салсақ, 13 мамырда «Каспий» «Ақсудан», «Қызылжар» «Жетісудан» 1:0, «Атырау» «Шахтерден» 2:1 есебімен басым түсті.