Кәсіпқой футбол лигасының төрағасы Бағлан Ергешев, Қазақстан футбол федерациясы әйелдер комитетінің төрағасы Бауыржан Әбдубайытов және әйелдер футбол бөлімінің жетекшісі Әнуар Биданов баспасөз мәслихатына қатысып, онда футболдан ҚР Чемпионаты мен Кубогына қатысатын командалардың капитандары мен қақпашыларына ойын жейдесі табыс етілген.
«ФИФА Ұлттық әйелдер лигасын қолдау бағдарламасы бойынша Қазақстан әйелдер лигасына алғаш рет ойын жейделері мен футболға арналған жабдықтарды табыс етіп отыр. Біз УЕФА мен ФИФА тарапынан үлкен сенімді түсінеміз және барлық жобаларды сәтті жүзеге асыруға бар күшімізді саламыз. Сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов алдағы уақытта ерлер арасындағы Премьер-Лига клубтарына әйелдер командаларын қосу мәселесі қаралатынын айтқан болатын. Менің ойымша, осы арқылы әйелдер футболына көп көңіл бөлінеді», - деді Кәсіпқой футбол лигасының төрағасы Бағлан Ергешев.
Ал ҚФФ әйелдер комитетінің төрағасы Бауыржан Әбдубайытовтың айтуынша, әйелдер командаларын қосу жөнінде жоба үш жыл бойына жүзеге асады.
«Алғашқы жылы 17 жасқа дейінгі жасөспірім командалары болуы керек. Екінші жылы 17 және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер командасы құрылуы тиіс. Үшінші жылы ересектер арасындағы әйелдер командасы құрылып, Қазақстан чемпионатына қатысады. Барлық аймақта балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қыздар футболының топтары бар екенін ескерсек, бұл жоба клубтар үшін үнемді әрі қолжетімді болмақ», - деді ол.
Еске сала кетейік, бүгін Шымкент қаласында әйелдер арасында Қазақстан Кубогының финалдық ойыны өтуде.