Көкшетаудың «Оқжетпесі» өз алаңында Шымкенттің «Қыранын» 3:1 есебімен ұтып, 58 ұпаймен жекедара көш бастады. «Қыран» 54 ұпаймен екінші орында қалса, одан кейінгі үш команданың ұпайлары теңесті. Оралдың «Ақжайығы» Өскеменде «Востокпен» 2:2 есебімен тең ойнады. Мұнда батысқазақстандықтардан әуелі Алексей Мальцев есепті теңестірсе, қонақтардың бір ойыншысы кем болғанына қарамастан (Махир Карич 76-минутта алаңнан қуылды), 90-минутта Сергей Лисенков «Ақжайыққа» бір ұпайды алып берді. Сол секілді Ақтаудың «Каспийі» де Екібастұзда 1:1 есебімен тең ойнап, ұпай жоғалтты. Есесіне елордалық «Астана-1964» өз алаңында Алматының ЦСКА командасын 2:0 есебімен ұтып, 52 ұпай жинап, «Каспий» мен «Ақжайықты» қуып жетті.
Бірінші лигада маусымның аяқталуына екі-ақ тур қалды. 2 қараша күні «Ақжайық» өз алаңында «Астана-1964» командасын қабылдайды. «Қыран» Шымкентте «Востокпен» күш сынасады. «Каспий» чемпионатпен қош айтысқан «Гефестпен» ойнамай-ақ үш ұпайға ие болса, «Оқжетпес» Мақтааралда көш соңындағы жергілікті командамен алаңға шығады.
Біріншілікке соңғы нүкте 8 қараша күні қойылады. Бұл күні «Жетісу-Сұңқар» - «Ақжайық», «Астана-1964» - «Қыран», «Оқжетпес» - «Каспий» кездесулері чемпионат мықтыларын анықтайтын болады.