Футбол: «Президент кубогы» үшін турнирде «Семей-93» Голландияның «АДО ден Хааг» клубынан ұтылып қалды

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Алматыда өтіп жатқан ҚР Президентінің кубогы үшін футболдан жасөспірімдер арасындағы II халықаралық турнирде Қазақстанның «Семей-93» (Семей) командасы топтық турнирдегі екінші ойынын Голландияның «АДО ден Хааг» (Гаага) клубымен өткізіп,

0:1 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бірінші ойынында біздің команда Бразилияның «Оле Бразил» (Сан-Паулу) клубымен 1:1 есебімен тең ойнаған болатын. Осылайша екі кездесуде 1 ұпай жинаған «Семей-93» әзірге өз тобында соңғы орында келеді. Жерлестеріміз топтық турнирдегі үшінші ойынын ертең Ресейдің Рубин» (Қазан) клубымен өткізеді. Біздің футболшылар сынға түсіп жатқан «В» тобында 4 ұпаймен «Оле Бразил» көш бастауда. Олар екінші ойынында «Рубинді» 6:1 есебімен жеңді. Ал, «А» тобында Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) командасы тізгінді өз қолына алды. Одан кейінгі сатыларда Ресейдің тағы бір клубы «Спартак» (Мәскеу), Қырғызстанның «Абдыш-Ата» (Қант) және Әзірбайжанның «Академия» (Баку) командалары. Жарыс сәуірдің 30-ы күні аяқталады. Бас жүлдені әр топтан үздік шыққан екі команда өзара сарапқа салады. Ал қалған командалар топтағы алған орындарына қарай бір-бірімен кездесіп, қорытынды классификациядағы орындарын анықтайды. Айта кетейік, биылғы турнирге барлығы 8 команда қатысуда. Былтыр бұл турнирдің бас жүлдесін Түркияның «Бешикташ» командасы жеңіп алған болатын. Олар финалда Ресейдің ЦСКА-сын 3:1 есебімен жеңген еді.