Алғашқы голды ойынның 56-шы минутында «Қайрат» командасының жартылай қорғаушысы Зәуірбек Плиев салды. Сол қапталдан айып алаңына енген ол, жақын бұрышты дәл нысанаға алып, допты торда тулатты. Көп ұзамай ойынның 62 минутында «Рубин» ойыншысы Бурлак сол қапталдан әуелетіп берілген допты қақпаға дәл бағыттап, есепті теңестіріп кетті. Дегенмен, ойынның 69-шы минутында жартылай қорғаушы Михаил Бакаевтың оң қанаттан айып алаңының сыртынан тепкен тамаша добы «Рубиннің» қақпашысын қапы қалдырды. Ол «тоғыздықтан» енген допқа тек мойнын бұрып қана үлгерді.
Бұл ойынға «Рубин» қосалқы құрамымен шықты, дегенмен «Қайрат» командасының да негізгі құрамының 8 ойыншысы ұлттық құраманың сапында өнер көрсетуге кеткен болатын.
sovsport.ru сайтына берген сұхбатында «Қайрат командасының бас жаттықтырушысы Владимир Вайсс:
«Бұл жеңіс жігіттердің өздеріне деген сенімділігін арттыра түседі деген үміттемін. Ойын қызықты өтті. Біз тамаша голдар соқтық. Жігіттер барын салып ойнап, тамаша ойын өрнегін көрсетті» - деді.
Сондай-ақ, қазақстандық бапкер еліміздің Премьер-Лигасының көш басындағы үш команданың деңгейін Ресей біріншілігіндегі командалардан еш кем еместігін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, қазір Қазақстанның Премьер-Лигасында екі апталық үзіліс. Сондықтан «Қайрат» футбол клубының басшылығы техника-тактикалық мәселелерді шешу үшін және ойыншылардың шеберлігін шыңдау мақсатында аталмыш жолдастық кездесуді ұйымдастыруға күш салған болатын.
Ал екі дүркін Ресей чемпионы «Рубин» командасы өз тарихында тұңғыш рет 2008 жылы чемпиондық атағын жеңіп алған.