НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тараз қаласында жергілікті команда премьер-лигадағы өз орнын сақтап қалу үшін Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұның алдында Оралда өткен бірінші матч 0:0 есебімен аяқталған болатын.
Бұл жолы алаң иелері матчты өте қарқынды бастады. Алдымен Самат Сәрсенов өз мүмкіндігін мүлт жібермей, есеп ашты.
Көп ұзамай С.Сәрсеновтің соққысын «Ақжайықтың» қақпашысы Илья Караваев қайтарғанымен, Абзал Таубай алдына келген допты дәл бағыттай білді. Содан кейін А.Таубай есепті 3:0-ге жеткізді.
«Тараздың» қорғаушысы, сербиялық Александр Симчевич өз қақпасына гол соғып алды – 3:1.
Оралдықтар барын салып бақты. Әйткенмен есеп екінші таймда да өзгере қойған жоқ.
Осылайша тараздықтар премьер-лигадағы өз орнын сақтап қалды. Ал биыл бірінші лиганың қола жүлдегері атанған «Ақжайыққа» жоғары топқа қайта оралу үшін алдағы жылға үміт артуға тура келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» пен «Тараздың» тең тарқасқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).