Футбол: «Тобыл» Достастық кубогындағы алғашқы ойынын «Бунедкормен» өткізеді

АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Ресейде өтетін футболдан Достастық кубогының жеребе тартылу рәсімі өтіп, турнирдің күнтізбесі анықталды. Бұл туралы footbol.kz қазақ тілді электронды басылымы хабарлады.

Ел чемпионы «Тобыл» алғашқы кездесуін Өзбекстан чемпионы «Бунедкорға» қарсы 15 қаңтар күні Санкт-Петербор сағатымен 13:00-де өткізеді.

Ал келесі күні қостанайлықтар Армения чемпионы «Микамен» ойнайды. 18 қаңтар күні «В» тобының соңғы кездесуі «Тобыл» - «Сконто» арасында өтпек. Бұл топтағы барлық кездесулер «Петербургский» спорт кешенінде болады.

Ширек финалға шыққан жағдайда Қазақстан чемпионы «А» тобының жеңімпаз командасымен ойнайды. "А" тобында «Интер» (Баку, Әзірбайжан), «Искра-Сталь» (Рыбница, Молдавия), «Истиклол» (Душанбе, Тәжікстан), «Нефтчи» (Қошқар Ата, Қырғызстан) командалары өзара сынға түседі. Ширек финалдың ойындары 19 қаңтарда, жартылай финал - 21 қаңтарда, ал ақтық сын 23 қаңтарда өтеді.