Ойын басында-ақ алаң иелері екі мәрте қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алдымен, Ника Квеквескири гол соғатын мүмкіндікті мүлт жіберсе, артынша Аслан Дарабаев айып алаңына асырылған допқа сәл жетпей қалды.
Қарымта шабуылдардың бірінде «Жетісу» футболшылары есеп ашты. Алаңның орта тұсында Джаба Канкаваның қателігін пайдаланған Дэвид Мавутор әріптесі Руслан Степанюкті алға жұмсады. Қақпашымен жеке шыққан Мавутор қателескен жоқ! 0-1!
Көп ұзамай «Тобыл» таразы басын теңестірді. Азат Нұрғалиевтен доп алған Ника Квеквескири қақпаның оң жақ бұрышын дәл көздеді. Іле-шала ұйымдастырылған шабуыл да өз жемісін берді. Джаба Канкава айып алаңына айналдыра доп көтерген. Бірінші жеткен Азат Нұрғалиев баспен соқты.
Екінші таймда алаң иелері қорғанысқа мән бере ойнады.
Кезекті қарымта шабуылдардың бірінде талдықорғандықтар есепті теңестірді. Йонуц Ларие айып алаңында Руслан Степанюкті шалып жықты. Пенальти! Ал өзбек футболшысы Сердар Джепаров нүктеден қателеспеді.
Ойын 2:2 есебімен аяқталды. «Тобыл» кезекті рет өз алаңында үш ұпайдан қағылды.