НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Бактиер Зайнутдинов қыркүйек айының қорытындысы бойынша мәскеулік ЦСКА клубының үздік ойыншысы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ЦСКА футбол клубы мәлім еткеніндей, ол өткен айда команданың барлық үш ойынына қатысқан.
Клубтың ресми сайтында жанкүйерлер арасында өткен дауыс беру нәтижесінде Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Б.Зайнутдинов үздік шықты. Ол дауыстың 37 пайызын жинады. Хорватиялық Никола Влашич екінші (23 пайыз), қақпашы Игорь Акинфеев үшінші (18 пайыз) орында.
Дауыс беруге барлығы 12544 адам қатысты.
Ресей премьер-лигасында 19 ұпаймен үшінші орында келе жатқан ЦСКА кезекті ойынын 18 қазан күні «Динамо» (Мәскеу) командасымен өткізеді. Ал 22 қазанда Еуропа лигасының К тобында Аустрияда «Вольфсберг» клубымен алаңға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Б.Зайнутдиновтың ЦСКА сапындағы алғашқы голын соққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).