Футбол жанкүйерлері күткен сәт: 2026 жылғы әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 23-ші әлем чемпионатының ашылу салтанаты басталды.

Фото: скрин

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ашылу рәсімі Мехико қаласында алғашқы матчтың басталуына 90 минут қалғанда өтті.

Фото: скрин

ФИФА ауқымды музыкалық шоу ұйымдастырды. Оның көркемдік және визуалдық тұжырымдамасына Олимпиада ойындарының салтанатты рәсімдерін қоюшы Марко Балич жауап береді. Мексикалық шоудың негізгі идеясы дәстүрлі papel picado (өрнекті қағаз) өнері мен ұлттық фольклордан шабыт алған.

Фото: Скрин

Италиялық опера әншісі Андреа Бочелли француз диджейі Давид Гетта, америкалық рэпер Megan Thee Stallion және әнші EJAE-мен бірге турнирдің DNA («ДНҚ») атты ресми әнұранын жанды дауыста орындайды.

Фото: скрин

Ал Шакира мен нигериялық әнші Burna Boy әлем чемпионатының Dai Dai атты ресми әнін алғаш рет стадион сахнасында таныстырады. Оларға Уганданың Ghetto Kids би тобы қосылады.

Фото: скрин

Латынамерикалық мәдениеттің жарқын көрінісі ретінде мексикалық әйгілі Maná рок-тобы, әншілер J Balvin, Danny Ocean, Белинда, Алехандро Фернандес, Лила Даунс және Los Ángeles Azules тобы сахнаға шығады. Ал оңтүстікафрикалық әнші Tyla өз елінің мемлекеттік әнұранын орындайды.

Фото: скрин

Мерекелік кешті Голливуд жұлдызы Сальма Хайек ашып, жанкүйерлерге арнаулы құттықтау жолдайды.

Қазақстан уақыты бойынша 12 маусым түнгі сағат 00:00–де Мехикода әлем чемпионатының алғашқы матчы басталады.

Қазақстан аумағында турнир ойындары Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі. Кездесулердің басым бөлігі елімізде түнгі немесе таңғы уақытта өтеді.

Әлем чемпионатының алғашқы ойынында Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы құрамалары кездеседі. Бұл 2010 жылғы әлем чемпионатының ашылу матчының қайталануы болмақ. Ол кезде командалар 1:1 есебімен тең түскен еді. Ал әйгілі «Ацтека» стадионы тарихта үшінші рет әлем чемпионатын қабылдаған алғашқы арена атанады.

Алғашқы ойын күні Оңтүстік Корея мен Чехия құрамаларының матчымен аяқталады. Кездесу Мексиканың Гвадалахара қаласындағы (Сапопан) «Акрон» (Estadio Akron) стадионында өтеді. Қазақстан уақыты бойынша ойын 12 маусым күні таңғы сағат 07:00-де басталады.

Бұған дейін қазақстандықтар 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында кімге жанкүйер болатынын жаздық.