16:31, 19 Наурыз 2009
Футбол: Жасөспірімдеріміз Еуропа чемпионаты іріктеу турнирі аясындағы алғашқы ойынын Израильмен өткізеді
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы наурыздың 23-де Израильге аттанады.
Онда біздің команда 2009/2001-ші жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирі аясындағы жарысын бастап, алғашқы ойынын наурыздың 29-да Израиль құрамасымен өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап. Елге футболшыларымыз наурыздың 31-де оралады. Ал сәуірдің 2-де жерлестеріміз іріктеу турнирі шеңберіндегі екінші ойынында Алматыдағы орталық стадионда Болгарияны қабылдайды. Айта кетейік, Еуропа чемпионаты іріктеу турнирі аясында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Израиль, Швеция, Болгария және Черногория құрамаларымен бірге 6-шы топта өнер көрсетеді. Іріктеу турниріне барлығы 52 команда қатысады. Дания чемпионатты ұйымдастыратын ел болғандықтан, бірден финалға жіберілді. Қалған командалар он топқа бөлінді. 2009 жылғы наурыздың 28-і мен 2010 жылғы қыркүйектің 7-сі аралығында өтетін іріктеу турнирінде топтардың әрқайсында екі айналымнан тұратын ойындар өтеді. Іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша әр топтың жеңімпазы және нәтижелері үздік екінші орын алған төрт команда плей-оффқа өтіп, жеті жұпты құрады. Бұл кезеңде сәтті ойнаған жеті жұптың жеңімпаздары Даниядағы финалдық турнирге жолдама алады.
Біздің команда сынға түсетін 6-шы топтағы ойындардың күнтізбесі мынадай: Наурыздың 29-ы
Израиль-ҚазақстанСәуірдің 2-сі
Қазақстан-БолгарияМаусымның 7-сі
Қазақстан-ЧерногорияҚыркүйектің 4-і
Болгария-ҚазақстанҚыркүйектің 9-ы
Қазақстан-ИзраильҚазанның 11-і
Қазақстан-ШвецияҚазанның 14-і
Черногория-ҚазақстанҚарашаның 15-і
Швеция-Қазақстан