АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 13-турында талдықорғандық «Жетісу» Қарағандыда «Шахтерден» басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған кездесуде талдықорғандық клуб жинақы қимылдай білді. Нәтижесінде 18-минутта Аслан Әділ алаң иелері қақпасын дәл көздеп, өз командасын алға шығарды.
Екінші кезеңде «Шахтер» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен мақсатына жете алған жоқ.
Осылайша «Жетісу» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті. Бұл - талдықорғандық клубтың қатарынан екінші жеңісі. Турнир кестесінде тоғызыншы орынға көтерілді.
Дәл қазір бірінші кезеңнен кейін Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Ордабасы» (Шымкент) 0:0 есебімен тең түсіп жатыр.
Сондай-ақ, «Астана» «Каспийді» 3:1 есебімен жеңсе, «Қайрат» «Қызылжарды» 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал одан кейін «Атырау» «Тобылды» ірі есеппен жеңді.
25 маусымда 18:00-де «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Қайсар» (Қызылорда), 20.00-де «Ақтөбе» мен «Мақтарал» (Түркістан облысы) ойнайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.