НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының екінші турында талдықорғандық «Жетісу» Алматыдағы «Жас қыран» стадионында Түркістанның «Тұран» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Талдықорғандықтар өткен жылғы біріншілікте үздік алтылықты түйіндесе, түркістандықтар премьер-лигаға биыл қосылған еді.
Бірінші турда «Жетісу» ел чемпионы «Қайратқа» 0:2 есебімен есе жіберсе, «Тұран» өз алаңында «Астанамен» тең түскен-ді – 2:2.
Бұл жолы алаң иелері ойын тізгінін бірден қолға алып, 4-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін эстониялық жартылай қорғаушы Артем Дмитриев есеп ашты.
Жақсы ойын өрнегін көрсеткен «Жетісу» футболшыларының бұдан кейін де гол соғатындай мүмкіндіктері болды. Ақыры 69-минутта Аслан Әділ мергендік танытса, жеті минуттан кейін Асхат Балтабеков есепті 3:0-ге жеткізді.
Бұдан соң түркістандықтар қаншама тырысқанымен, ештеңе өзгерген жоқ. «Жетісу» ірі есеппен жеңіске жетті.
Бүгін екінші турда сондай-ақ «Ақжайық» - «Атырау», «Шахтер» - «Ордабасы», «Ақтөбе» - «Тобыл» матчтары өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Астананың» екінші орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).