Футбол: Журналистер күніне орай өткен турнирде «Хабар» командасы жеңімпаз атанды

АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат -. - Бүгін Астана қаласында Журналистер күніне орай "Алатау" спорт кешенінде "Қазконтент" АҚ ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі футбол турнирінде «Хабар» агенттігінің журналистері Бас жүлдеге ие болды.

Ал екінші орынды «Астана ақшамы» газетінің тілшілері еншілесе, «24.kz» телеарнасының командасы үшінші орынды иемденді, деп хабарлайды Baq.kz.

Бұл бәсекеде «Хабар» агенттігі», «24.kz», «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Керекинфо» порталы, «Астана ақшамы» газеті, «Қазақ радиосы», «Қазмедиа» орталығы, «Қазконтент» АҚ секілді 8 команда бақ таластырды.

Ақтық сынға жолдама алған «Хабар» мен «Астана ақшамы» командалары тартысты ойын өрнегін көрсетті. Белгіленген уақыт аралығында қос команда тең түсіп (2:2), мықтыны анықтау үшін пенальти белгіленді. Мұнда «Хабардың» жігіттері өз мергендіктерін байқатып, 3:2 есебімен Бас жүлдені қанжығаларына байлады.

Жалпы, барлық команда мүшелеріне турнирдің өтуіне атсалысып, жеңіске деген жігерлілік танытқандары үшін «Қазконтент» АҚ дайындаған арнайы сыйлықтар үлестірілді. Ал ерекше өнер көрсеткен «Үздік ойыншы» ретінде «Хабар» агенттігінің қызметкері Ершат Қожатаев танылса, «Үздік қақпашы» атағы "24.kz" телеарнасының маманы Мақсат Сламбековке бұйырды.