ФУТБОЛ: Зинедин Зидан бапкер дипломын иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әйгілі француздық футболшы, 1998 жылғы әлем чемпионы және 2000 жылғы Еуропа чемпионы Зинедин Зидан Pro санаты бойынша бапкерлік лицензияны иеленді. Енді ол өз бетінше жаттықтырушылық қызметпен айналыса алады, деп хабарлайды шетелдік БАҚ.

«Жаттықтырушы лицензиясын иеленгенімді мақтан тұтамын. Миссиям орындалды», деп жазады спортшы өзінің Instagram-дағы парақшасында.

Еске сала кетейік, «Реал» ФК бұрынғы ойыншысы өткен жылдың қазан айында мадридтік клубтың жастар құрамасын басқарып жүргенінде лицензиясыз жұмыс жасағаны үшін үш ай мерзімге біліктілігінен айырылған еді. Артынша, бұл дисквалификация Испанияның спорт министрлігінің Аппеляциялық комитетінің шешіміне дейін кейінге қалдырылды.

1998, 2000, 2003 жылдары ФИФА-ның «Әлемнің үздік футболшысы» марапатын иеленген Зинедин қазір «Реалдың» жастар құрамасын жаттықтырады.