НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан 2022 жылғы Әлем чемпионаты еуропалық іріктеу кезеңін өткізу жоспары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.
Жарыс ережесіне сәйкес, құрамалар он топқа бөлінеді. Олардың бесеуінде алты құрамадан болады. Қалғанында бес құрама бақ сынайды. Іріктеу кезеңінде олардың әрбірі өзінде және сырт алаңда қарсыласымен кездеседі. Топ жеңімпаздары Әлем чемпионатының финалына тікелей жолдама алады. Екінші орын иегерлері және Ұлттар лигасында озық шыққан екі құрама өтпелі кезең ойындарында өнер көрсетеді. Үш жеңімпаз дүбірлі додаға қатысу мүмкіндігіне қол жеткізеді.
Естеріңізге сала кетелік, Әлем чемпионатының финалдық кезеңі 2022 жылдың 21 қарашасы мен 18 желтоқсанында Катар мемлекетінде өткізіледі. Жарыстың бұл сатысында барлығы 32 құрама бақ сынайды.
Бұдан бұрын футболдан биылғы Ұлттар лигасының өтетін мерзімі анықталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.