Аталған топтағы Дания мен Словения кездесуі жанкүйерлер қызығушылығын туғызды. Екі құраманың бірі жеңіске жеткен жағдайда құрлықтық доданың финалдық сатысына бір тур бұрын жолдама алатын еді.
Алғашқы минуттан даниялық футболшылар алға қарай ұмтылды. Соған қарамастан словениялық құраманың қорғанысы сыр бере қойған жоқ.
Ойынның 26-минутында даниялық Йоахим Мехле есеп ашса, Эрик Янжа 30-минутта таразы басын теңестірді.
Екінші кезең басталғаннан кейін алаң иелері қайтадан шабылды күшейтті. Нәтижесінде 54-минутта Томас Дилейни Данияны алға шығарды.
Осылайша даниялық футболшылар қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, бір тур бұрын Еуропа чемпионатының финалдық сатысына жолдама алды. Аталған топтағы екінші жолдама тағдыры 20 қарашада Словения мен Қазақстан кездесуінде шешіледі. Сол күні аталған топта Солтүстік Ирландия мен Дания, Сан-Марино мен Финляндия құрамалары кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан құрамасы Сан-Мариноны 3:1 есебімен тізе бүктірді.
17 қарашадағы ойын нәтижелері төмендегіше:
С тобы: Англия - Мальта 2:0, Италия - Солтүстік Македония 5:2
Е тобы: Молдова - Армения 1:1, Польша - Чехия 1:1
H тобы: Қазақстан - Сан-Марино 3:1, Финляндия - Солтүстік Ирландия 4:0, Дания - Словения 2:1
Қазірге дейін Франция, Португалия, Бельгия, Испания, Шотландия, Түркия, Англия, Аустрия, Венгрия мен Словакия құрлықтық доданың финалдық сатысына жолдама алған еді. Ал Германия ұйымдастырушы ел ретінде іріктеусіз қатысады.
Енді 18 қарашада B, D, I топтарында кезекті тур ойындары өткізіледі.