АСТАНА. ҚазАқпарат – Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) басшылық кеңесі 2026 жылғы әлем чемпионатының өту тәртібін бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ФИФА-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2017 жылы аталмыш ұйым 2026 жылғы дүниежүзілік додаға алғаш рет 48 команданың қатысатынын жария еткен еді.
Турнирдің топтық бәсекесі 72 матчтан тұрады. 12 топтың әрқайсысына төрт құрамадан бөлінеді. Әр топтан екі құрама, сондай-ақ үшінші орын алғандар арасынан 8 үздік команда 1/16 финалға жолдама алады. Жарыста барлығы 104 ойын өткізіледі.
Бұрын әлем біріншілігіне 32 құрама қатысып, 64 матч ойналатын еді.
Дода 56 күнге созылмақшы. Финал 2026 жылғы 19 шілдеге белгіленді. Әлем чемпионаты тұңғыш рет үш елде: Канада, АҚШ және Мексикада өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Килиан Мбаппенің «ПСЖ» командасының 3 мыңыншы голын соққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).