Халықаралық футбол федерациясының басшысы Джанни Инфантино әлеуметтік желісінде футболдан 2034 жылғы әлем чемпионатының финалдық сатысы Сауд Арабиясында өтетінін жазды, деп хабарлайды Kazinform.
«Футбол басқа спорт түрлері сияқты әлемді біріктіреді. Әлем чемпионаты - бірлік пен инклюзивтілік идеясының тамаша көрінісі», - деді Джанни Инфантино.
Бұдан бұрын Аустралия 2034 жылғы әлем чемпионаты финалдық сатысын өткізуге байланысты өтінімінен бас тартқан болатын. Нәтижесінде Сауд Арабиясы дүбірлі доп додасын өткізуге өтініш білдірген жалғыз ел болды.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада, Мексика елдерінде өтеді. Ал 2030 жылғы әлем чемпионатының алғашқы үш ойыны Уругвай, Парагвай және Аргентинада басталса, қалғаны Испания, Португалия және Мароккода болады.
Еске салсақ, 2022 жылы әлем чемпионаты Катарда өтті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.