АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуде қызмет атқаратын төреші белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл міндетті итальяндық төреші Даниэле Орсато атқарады. Турнирдің алғашқы ойынында Катар және Эквадор құрамалары кездеседі.
Айта кетсек, аталған міндет 46-жастағы арбитрге әлем чемпионатында бас төреші ретінде тұңғыш мәрте жүктеліп отыр. Ол 2018 жылғы әлем чемпионатында VAR бойынша төрешінің көмекшісі болды.
Бұдан бқрын ол Еуро-2020 турнирінде үш ойында және 2019/20 жылғы Чемпиондар лигасы турнирінің финалында қызмет атқарды. Аталған финалда Германияның «Бавария» командасы Францияның «Пари Сен-Жермен» клубын 1:0 есебімен жеңген еді.
Катар және Эквадор кездесуі 20 қарашада 22:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.