Футболдан ӘЧ-2022: Қазақстан мен Франция кездесуін қайдан көруге болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 28 наурызда футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу сатысында елордада өтетін Қазақстан және Франция құрамалары кездесуі қай арнадан көрсетілетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, қазақстандық құрама іріктеу сатысында D тобында сынға түседі. Қарсыластары - Франция, Украина, Босния және Герцоговина, Финляндия.

Қазақстан мен Франция құрамаларының кездесуі «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары арқылы тікелей эфирде көрсетіледі. Ұлттық арнада Амангелді Сейітхан және Уәлихан Қосанбай комментатор болады. Ал «Qazsport» эфирін Ерсін Ерік пен Дидар Кадыров жүргізеді.

Ойын карантин талабына байланысты жанкүйерсіз өтеді. Тікелей көрсетілім елорда уақытымен 18.50-де басталады.

Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам Қазақстанмен кездесуіне қатысуға мүмкіндігі бар ойыншылар тізімін жариялады. Онда Англияның «Челси» клубының жартылай қорғаушысы Нголо Кантеден өзге жұлдыздардың барлығы бар.

Аталған ойында беларусьтік маман Алексей Кульбаков бас төреші ретінде қызмет атқарады. Оған сол елден келген Дмитрий Жук пен Олег Маслянко көмекші болады . Қосалқы төреші - Виктор Шимусик.

Біздің футболшыларға Франция Еуропада кездесіп отырған 38-ші қарсыласы атанбақ. Әзірге қазақстандықтар олардан өзге Босния мен Герцеговина, Гибралтар, Израиль, Испания, Италия, Косово, Лихтенштейн, Люксембург, Норвегия, Солтүстік Ирландия, Солтүстік Македония, Словакия, Словения, Уэльс және Швейцария құрамаларымен күш сынасып көрген жоқ.

Оған дейін Азия құрлығында доп тепкен Қазақстан UEFA құрамына 2002 жылы қабылданды. Содан бері әлем чемпионатында 60 ойын өткізген. Оның ішінде 12-сінде жеңіске жетіп, 11-інде тең түссе, 37-сінде қарсыласына есе жіберді.