Футболдан ӘЧ-2026: Англия мен Хорватия плей-офф сатысына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында L тобында Англия құрамасы бірінші орын алды.

Фото: Fifa.com

Англиялық футболшылар алғашқы екі турда төрт ұпай жинап, плей-офф ссатысына бір тур бұрын жолдама алған еді. Соған қарамастан олар үшінші турда Панамаға қарсы кездесуде жеңіске жетуге күш салды. 

Кездесу барысында олардың қатарынан Джуд Беллингем 62-минутта есеп ашса, Гарри Кейн 67-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша олар қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, өз тобында 7 ұпаймен бірінші орын алды. 

Сондай-ақ бұл топтағы тағы бір кездесуде Хорватия құрамасы Гананы 2:1 есебімен тізе бүктірді. 

Ойын барысында хорватиялық Петар Сучич 31-минутта гол соқса, 73-минутта ганалық Деррик Люккассен таразы басын теңестірді.

Шешуші голды 83-минутта хорватиялық Никола Влашич соқты.

Нәтижесінде Хорватия өз тобында 6 ұпаймен келесі кезеңге жолдама алды. 

Еске салсақ, бұдан бұрын Бельгия Жаңа Зеландияны ірі есеппен жеңді.