Футболдан ӘЧ-2026: Канада 1/8 финалға берілген алғашқы жолдамаға ие болды

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында 1/8 финалына шыққан алғашқы құрама анықталды.

Фото: Fifa.com

Доп додасының плей-офф сатысындағы алғашқы ойын Оңтүстік Африка - Канада арасында өтті.

Африка құрлығының өкілдері әлем чемпионатына биыл төртінші мәрте қатысып отыр. Қазірге дейін топтық кезеңнен аса алған жоқ.

Канадалық футболшылардың да жағдайы соған ұқсас. Осы уақытқа дейін беделді бәсекеде екі мәрте бақ сынағанымен топтық кезеңнен кейін еліне ертерек қайтқан еді.

Сондықтан екі құраманың да деңгейі қатарлас. Қай-қайсысының да жарыстың келесі кезеңіне шығуына мүмкіндігі бар.

Кездесу барысында қарсыластар бір-бірінің қақпасына жиі шабуыл жасады. Соған қарамастан бірінші кезеңде бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңде де ойын дәл осындай қарқында өрбіді. Ойынның 92-минутта канадалық Стефен Эуштакиу тепкен доп қақпа торында тулап жатты.

Осылайша Канада қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, жарыстың келесі сатысына шықты.

Енді олар 4 шілдеде 1/8 финалда Нидерланд - Марокко жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Сондай-ақ плей-офф сатысында 29 маусымда Бразилия - Жапония, 30 маусымда Германия - Парагвай, Нидерланд - Марокко, Кот-д'Ивуар - Норвегия, 1 шілдеде Франция - Швеция, Мексика - Эквадор, Англия - Конго ДР кездеседі.

Сонымен қатар 2 шілдеде Бельгия - Сенегал, АҚШ - Босния және Герцоговина, 3 шілдеде Португалия - Хорватия, Аустралия - Египет, 4 шілдеде Аргентина - Кабо-Верде, Колумбия - Гана шеберлік байқасады.

Ал 1/8 финал 4-7 шілде күндері өтсе, одан кейін 1/4 финал 9-11 шілде, 1/2 финал 14-15 шілде күндері болады. Финал мен 3-орын үшін ойын 18-19 шілде күндеріне белгіленген.