Футболдан ӘЧ-2026: Криштиану Роналдудың қос голы Португалияға жеңіс сыйлады

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында K тобында Португалия - Өзбекстан құрамалары кездесті.

Фото: Fifa.com

Алғашқы турда португалдық футболшылар Конго Демократиялық Республикасымен 1:1 есебімен тең түскен еді. Бұл нәтиже олардың турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатты. Сондықтан олар бүгінгі кездесуде жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық еді.

Ойынның алғашқы минутынан Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы алға қарай ұмтылды. Жылдам гол соғуға ұмтылған олар дегеніне жетті. Криштиану Роналду 6-минутта өзінің әлем чемпионатындағы алғашқы голын соғып үлгерді. Одан кейін әріптесі Нуну Мендеш 17-минутта көзге түссе, Криштиану Роналду 39-минутта екінші голдың авторы атанды.

Атақты футболшы өз мансабында әлем чемпионаты финалдық кезеңінде он гол соғып үлгерді. Қазірге дейін ол ұлттық құрама сапында 229 кездесуде 143 гол соққан еді.

Португалдық шабуылшы ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын 2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатында соққан еді. Алғашқы голын ол Иран құрамасы қақпасына пенальтиден енгізді.

Бүгінгі кездесуде тағы екі гол екінші кезеңде соғылды. Оны 60-минутта өзбекстандық қақпашы Абдувохид Нематов өз қақпасына соғып алса, португалиялық Рафаэл Леау 87-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша Португалия құрамасы қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.

Енді бұл топта 24 маусымда Қазақстан уақытымен 07:00-де Колумбия - Конго Демократиялық Республикасы шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Алжир Иорданияның осал тұсын тапты.