Футболдан ӘЧ: Бразилия Сербияның осал тұсын таба ала ма

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының бесінші ойын күнінде, 24 қарашада G тобында екі кездесу өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқысы Швейцария мен Камерун құрамалары арасында болады. Ойын елорда уақытымен 16:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Швейцария биыл дүбірлі додада 11 мәрте бақ сынайды. Бұған дейін 1934, 1938, 1954 жылдарда 1/4 финалға дейін жетті.

Ал камерундық футболшылар сегізінші мәрте беделді бәсекеге қадам басып отыр. 1990 жылы 1/4 финалға жетті. Қалғанында топтық кезеңнен аса алған жоқ.

Кездесу Эль-Вакра қаласындағы 44325 мың жанкүйерге арналған «Эль-Джануб» стадионында өткізіледі. Бас төреші - аргентиналық Факундо Тельо.

Өз тарихында екі құрама бір-бірімен тұңғыш мәрте кездеспек.

Аталған топтағы тағы бір кездесу Бразилия мен Сербия арасында болады. Ойын елорда уақытымен 01:00-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бразилия бірде-бір әлем чемпионатынан қалып көрген емес. Бұған дейін 1958, 1962, 1970, 1994, 2002 жылдарда жеңімпаз тұғырына көтерілсе, 1950, 1998 жылдарда күміс, 1938, 1978 жылдарда қола жүлдегер болды.

Өз тарихында Сербия әлем чемпионаты финалдық сатысына үшінші мәрте қадам басты. Барлығында топтық кезеңнен аса алмады.

Ойын Лусаил қаласындағы 88966 жанкүйерге арналған «Лусаил Айконик» стадионында болады. Бас төреші- ирандық Алиреза Фагани.

Екі құрама бұған дейін екі мәрте кездесті. Екеуінде де Бразилия футболшылары басым болды.

Еске салсақ, 23 қарашада Е тобында Германия Жапониядан жеңілсе, Испания Коста-Рикадан басым түсті.

Сондай-ақ, F тобында Марокко мен Хорватия тең түсіп, Бельгия Канаданы тізе бүктірді.

ФОТО: SRDJAN STEVANOVIC/GETTY IMAGES