Футболдан ӘЧ: Бразилия сербтерді сүріндіріп, өз тобында бірінші орын алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем чемпионатының Е тобында Мәскеудің «Спартак» стадионында Сербия мен Бразилия алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл топта Коста-Рика жолдамадан үмітін үзсе, Бразилия мен Швейцарияның 4, Сербияның 3 ұпайы бартұғын. Сондықтан үш команда плей-офф бәсекесіне шығудан дәмелі еді.

Ирандық Алиреза Фагани төрелік еткен матчта Сербияның бас бапкері Младен Крстаич мына ойыншыларына сенім артты: Владимир Стойкович (қақпашы), Антонио Рукавина, Александр Коларов, Милош Велькович, Никола Миленкович, Филип Костич, Душан Тадич, Сергей Милинкович-Савич, Адем Ляич, Неманья Матич, Александр Митрович.

Бразилиялық жаттықтырушы Тите Сербияға өз сайыпқырандарын қарсы қойды: Алиссон (қақпашы), Тьяго Силва, Фагнер, Миранда, Марсело, Каземиро, Паулиньо, Виллиан, Филиппе Коутиньо, Габриэл Жезус, Неймар.

Кездесу бразилиялықтардың шабуылымен басталғанымен, Тите командасы көп ұзамай қиындыққа тап болды. Жарақат алған негізгі қорғаушылардың бірі Марселоның орнына 10-минутта Филипе Луис шықты.

Бұдан кейін сербиялықтардың қарқыны біршама күшейгенімен, бразилиялықтар беріспеді. 25-минутта Неймардың қауіпті соққысын Стойкович қайтарды.

«Аңдыған алмай қоймас» деген, 36-минутта Филиппе Коутиньодан керемет пас алған Паулиньо Сербия қорғанысының орта тұсын жарып өтіп, допты қақпашыдан асыра салды - 1:0.

Екінші тайм да алма-кезек шабуылмен өтті. 60-минутта Антонио Рукавинаның соққысынан кейін қақпашы Алиссонның сәтсіз қайтарған добы сербиялық Александр Митровичке дәл келіп, бірақ оған Тьяго Силва тосқауыл қойды.

Футболда «оңтайлы сәтте гол соқпасаң, ол өз қақпаңнан табылды дей бер» деген тәмсіл бар. Бұл жолы тура осылай болды. Шабуылшы Митрович өз мүмкіндігін мүлт жіберсе, 68-минутта орталық қорғаушы Тьяго Силва бұрыштамадан берілген допты баспен қақпаға дәл бағыттады - 2:0.

Бұдан кейін бразилиялықтар допты әдемі қақпақылдап, ұстай білді. Қорғанумен бірге шабуылдауды естен шығарған жоқ. Сондай сәттердің бірінде Неймардың соққысы қақпадан жоғары кетсе, екіншісінде Стойкович сербтерді тағы бір голдан құтқарды.

Нижний Новгородта Швейцария мен Коста-Рика кездесіп, қос құрама 2:2 есебімен тең тарқасты.

Осылайша Е тобында бірінші орын алған Бразилия Самара қаласында F тобындағы екінші құрама Мексикамен күш сынасады. Ал Швейцария Санкт-Петерборда F тобының жеңімпазы Швециямен ширек финалға шығу үшін барын салады.