Футболдан ӘЧ: Франция алғашқы ойында жеңіске жете ме

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының үшінші ойын күнінде, 22 қарашада D тобында екі кездесу өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

D тобындағы алғашқы кездесу Дания мен Тунис құрамалары арасында өтеді. Ойын елорда уақытымен 16:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Даниялық футболшылар әлем чемпионаты финалдық сатысына алтыншы мәрте қадам басып отыр. Бұған дейін 1998 жылы ширек финалға дейін жетсе, 1986, 2002, 2018 жылдарда 1/8 финалда бақ сынады.

Ал Тунис футболшылары да алтыншы мәрте дүбірлі додаға келіп отыр. Дегенмен әзірге топтық кезеңнен аса алған жоқ.

Екі құрама бұған дейін екі мәрте кездесті. Дания аталған қарсыласын 1963 жылдың 1 қыркүйегінде 3:1, 2002 жылдың 26 мамырында 2:1 есебімен жеңді. Олар әлем чемпионатында алғаш рет шеберлік байқасады.

Тағы бір ойын Франция мен Австралия арасында болады. Кездесу елорда уақытымен 01:00-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Танымал футболшылардан құралған Франция құрамасы дүбірлі додада он алтыншы мәрте бақ сынайды. 1998, 2018 жылдарда чемпион атанса, 2006 жылы күміс, 1958, 1986 жылдары қола жүлдегер болды.

Биыл жетінші мәрте дүбірлі додаға қатысатын үздіктер қатарына қосылған Австралия әзірге жоғары жетістігімен жанкүйерлерді қуанта алған жоқ. Тек 2006 жылы 1/8 финалға дейін жетті.

Екі құрама биыл өз тарихында алтыншы мәрте шеберлік байқасады. Оның үшеуінде Франция жеңіске жетсе, біреуінде Австралияның мерейі үстем болды. Бір кездесу тең нәтижемен аяқталды.

Еске салсақ, бұдан бұрын А тобында Англия құрамасы Иранды ірі есеппен жеңсе, Нидерланды Сенегалдан басым түсті.

Сондай-ақ, А тобындағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.


Фото: reuters.com