Хорватия - топтық сындағы үш кездесуін де жеңіспен аяқтап, 9 ұпайға ие болған санаулы команданың бірі. Златко Далич жаттықтыратын хорваттар сол қарқынынан айырылмай, ширек финалға шыға ала ма, оны алдағы матч көрсетеді.
Бұдан жиырма жыл бұрын Францияда өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған Хорватияның биыл сол биіктен асып түссем бе деген мақсат қойып отырғаны анық. Сол кездегі Давор Шукер, Роберт Просинечки, Звонимир Бобандар аңызға айналса, Лука Модрич, Иван Ракитич сынды қазіргі жұлдыздар олардан кем емес.
Бұдан екі жыл бұрын хорваттар Түркия мен Испанияны ұтып, Еуропа біріншілігін де тамаша бастап еді. Алайда плей-офф кезеңінде болашақ чемпиондар Португалияға қосымша уақытта есе жіберді. Бұл жолы сол олқылықты қайталамас үшін барлық шеберліктерін салуға тура келеді.
Әрине, әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстанмен бір топта ойнаған Дания оңай шағылатын жаңғақ емес. Оны қазақстандық жанкүйерлер жақсы біледі. Эге Харейденің шәкірттері топтық бәсекеде ұйымшыл команда екендігін көрсете білді. Өз қақпасына бір ғана гол (Австралиямен матчта пенальтиден) жіберіп алған құрама әзірге жеңіліс дәмін татқан жоқ. Алайда даниялықтар қарсыластар қақпасына небәрі екі-ақ гол соқты. Бұл - плей-офф кезеңіне шыққан 16 команда арасындағы ең төмен көрсеткіш. Хорваттарға Кристиан Эриксенге көбірек көңіл аударуға тура келеді. Ол алғашқы матчта нәтижелі пас берсе, содан кейін өзі бір голдың авторы атанды.
Плей-офф кезеңіне жолдаманы күні бұрын шешіп қойған Хорватия Исландиямен ойынға қосалқы құрамын шығарды. Енді аргентиналық Нестор Питана қазылық ететін алдағы матчқа Иван Ракитич, Марио Манджукич, қақпашы Даниел Субашич, негізгі қорғаушылар Шиме Врсалько, Домагой Вида, Деян Ловрен, Иван Стринич, сондай-ақ орта тұстағы Анте Ребичтің қайта оралатыны хақ.
Дания сапында бірқатар өзгерістер болуы мүмкін. Мысалы, орта тұсты нықтайтын Томас Дилейнимен бірге Уильм Квист немесе Лассе Шене шыға ма, әзірге белгісіз.
Бұған дейін Хорватия мен Дания ірі жарыстарда бір-ақ рет кездескен. 1996 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сайысында хорваттар қарсыласын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Өз тарихтарында бес мәрте жолдары тоқайласқан қос құраманың әрқайсысы екі реттен жеңіске жетіп, біреуінде тең тарқасқан.
Айта кетейік, бұл ойында ұтқан команда 7 шілде күні Сочи қаласында Испания - Ресей жұбының жеңімпазымен алаңға шығады.