Футболдан ӘЧ: Хорватия мен Дания негізгі уақытта бірін-бірі ұта алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нижний Новгород қаласында әлем чемпионатының плей-офф бәсекесінде Хорватия мен Дания жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл ойынның фавориті, әрине, өз тобындағы үш кездесудің бәрін де ұтқан Хорватия еді. Дегенмен даниялықтар да ширек финалға шығу үшін барын салатыны анықтұғын.

Аргентиналық Нестор Питана қазылық еткен матчта Хорватияның бапкері Златко Далич мына құрамды шығаруды жөн көрді: Даниел Субашич (қақпашы), Шиме Врсалько, Иван Стринич, Деян Ловрен, Домагой Вида, Иван Ракитич, Марцело Брозович, Лука Модрич (капитан), Иван Перишич, Марио Манджукич, Анте Ребич.

Данияны жаттықтыратын норвегиялық маман Эге Харейденің шәкірттері де осал емес-ті: Каспер Шмейхель (қақпашы), Йонас Кнудсен, Симон Кьер (капитан), Матиас Йоргенсен, Хенрик Дальсгор, Андреас Кристенсен, Томас Дилейни, Кристиан Эриксен, Юссуф Поульсен, Андреас Корнелиус, Мартин Брейтуэйт.

Ойын бірден қызық басталды. 1 минутта қақпа алдындағы қарбалас сәтте Дания есеп ашып кетті. Алаң шетінен қақпаға қарай Кнудсен лақтырған допты Дилейни Йоргенсенге жылжыта алды. Матиас Йоргенсен 3 метр жерден допты қақпадан бір шығарды - 1:0.

Дегенмен 4-минутта хорватиялықтар бірінші шабуылында-ақ таразы басын теңестірді. Оң қанатта Ребич берген допты Врсалько айып алаңына бағыттады. Марио Манджукич допты тоқтатпай тепті - 1:1.

Хорваттар көбірек шабуылдағанымен, даниялықтар да қарап қалмады. 39-минутта стандартты жағдайдан соң Модрич берген допты орталық қорғаушы Ловрен баспен соққанымен, қақпадан сәл қиыс кетті. 42-минутта тағы да Кнудсен лақтырған допты Ловрен қайтарып, Ребич бар күшімен алға тепті. Алайда қайтадан шабуылдаған Эриксен соққан доп қақпа жақтауына тиіп, асып кетті.

Екінші таймда командалар қақпаны барынша нысанаға алып көргенімен, футболшыларға дәлдік жетіспеді. Қорғаушылар мен қақпашылар да сәтті ойнады.

Осылайша негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталды.

Матч тағдыры қосымша екі экстратаймда немесе содан кейінгі пенальти сериясынан кейін шешіледі.

Айта кетейік, Дания құрамасы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Е тобында Қазақстанмен бірге ойнап, екінші орынға ие болған еді. Ал мұнда жеңімпаз атанған Польша Ресейдегі біріншілікте топтан шыға алмай, үйлеріне ерте қайтуға мәжбүр болды.