Елорда уақытымен 19:00-де Уругвай мен Оңтүстік Корея кездесуі «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі дүркін әлем чемпионы Уругвай айтулы аламанда биыл 13 мәрте бақ сынамақ.
Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері 1930, 1950 жылдарда жеңімпаз тұғырына көтерілсе, 1954, 1970, 2010 жылдарда төртінші орын алды.
Ал Оңтүстік Корея әлем чемпионатына 13 мәрте қадам басты. 2002 жылы төртінші орын алса, 2010 жылы 1/8 финалға дейін жетті.
Кездесу Эр-Райян қаласындағы 44667 жанкүйерге арналған «Эдьюкейшн Сити» стадионында өткізіледі. Бас төреші - франциялық Клеман Тюрпен.
Екі құрама бұған дейін 11 мәрте өзара шеберлік байқасты.
Жетеуінде Уругвай жеңсе, үшеуінде корейлік футболшылардың мерейі үстем болды. Бір ойын тең нәтижемен аяқталды.
Ал Португалия мен Гана арасындағы кездесу елорда уақытымен 22.00-де «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы дүбірлі додада биыл жетінші мәрте бақ сынайды. Әзірге 1966 жылғы қола жүлдені қанағат тұтып жүрген жайы бар.
Одан кейін 2006 жылы төртінші орынға тұрақтаса, 2010, 2018 жылдарда 1/8 финалға дейін жетті.
Ал ганалық футболшылары әлем чемпионаы финалдық сатысына үшінші мәрте келді. 2010 жылы олар 1/4 финалға дейін жетіп, жанкүйерге қызықты ойын сыйлаған еді.
Кездесу ел астанасы - Доха қаласындағы 44089 адамға арналған «Стэдиум 974» стадионында өткізіледі. Бас төреші - АҚШ-тан келген Исмаил Эльфат.
Екі құрама бұған дейін бір мәрте кездесті. 2014 жылдың 26 маусымында әлем чемпионатында G тобында Португалия аталған қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірген еді.
Еске салсақ, 23 қарашада Е тобында Германия Жапониядан жеңілсе, Испания Коста-Рикадан басым түсті.
Сондай-ақ, F тобында Марокко мен Хорватия тең түсіп, Бельгия Канаданы тізе бүктірді.
Фото: OCTAVIO PASSOS/GETTY IMAGES