Футболдан ӘЧ: Перу Австралияны «құрғақ» есеппен жеңді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем біріншілігінің топтық кезеңіндегі С тобында үшінші тур ойындары мәреге жетті. Осы топтағы Перу мен Австралия құрамалары арасындағы кездесуде алғашқысы 2:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанкүйер қауым бұл кездесуге онша қызығушылық білдіре қоймады. Оның себебі де жоқ емес. Қос құрама әлемдік футболда аса зор бағалана бермейді. Көп жағдайда олар топтық кезеңнен әріге бара алмайды. Биыл да солай болды. Австралия Даниямен кездесуде 1:1 есебімен тең ойнап, жарысты жалғастыру мүмкіндігінен қол үзе қойған жоқ. Алайда әдемі ойын өрнегімен көпшілік көзіне түсе қоймағаны белгілі. Перу де солай болды. Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері алғашқы екі турда қарсыластарына есе жіберді. Франция мен Данияға 0:1 есебімен жеңілді. Сондықтан олар үшін соңғы тур ешқандай мәселені шешпейтін еді. Әйтсе де, ойын алдында берген баспасөз мәслихатында соңғы турда жеңіс үшін жанталасқа түсетінін мәлімдеді.

Сол үшін де бірінші кезеңде барын салды. Гол 18-минутта соғылды. Оны Хосе Паоло Геррероның пасынан кейін Андре Каррильо салды. Бұл австралиялық жігіттердің намысын оятқандай. Олар шабуыл шебіне көңіл бөлді. Десе де перулік жігіттер оған лайықты қарсы тұра білді. Бұдан кейін де қос құрама тарапынан бірнеше қауіпті сәттер болды. Соған қарамастан таблодағы есеп сол күйі өзгеріссіз тұрды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, аталмыш кездесудің қос құрама үшін тарихи маңызы болды. Екеуі мұндай додада бірнеше мәрте бақ сынағанымен бір-бірімен жолдары түйісе қоймаған екен. Сондықтан аталмыш ойын олардың жасыл алаң төрінде тұңғыш рет шеберлік байқасқан кездесуі ретінде сақталып қалды.

Кездесу тағдыры 50-минутта толықтай шешілген секілді. Перу сапынан Хосе Паоло Герреро мергендік танытып, есепті ұлғайта түсті. Есеп 2:0. Оңтүстік Америкадан келген құрама осылайша есепті үстемеледі. Австралия таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен, одан ешбір нәтиже болмады. 

Айта кетейік, бүгін С тобында тағы бір кездесу өтті. Франция мен Дания арасындағы ойында 0:0 есебі тіркелді. Жарысты жалғастыру мүмкіндігіне Франция мен Дания ие болды. Үшінші орын Перуге бұйырса, төртінші орын Австралияның еншісіне жазылды.

Бүгін сондай-ақ D тобында Нигерия мен Аргентина («Qazaqstan».00.00), Исландия мен Хорватия («Qazsport». 00.00) құрамалары кездеседі.

Ертең, 27 маусымда E және F топтарындағы құрамалар топтық кезеңдегі үшінші тур ойындарын өткізеді. Е тобында Сербия мен Бразилия («Qazaqstan». 00.00), Швейцария мен Коста-Рика («Qazsport». 00.00) кездеседі. Ал F тобында Мексика мен Швеция («Qazsport». 20.00), Оңтүстік Корея мен Германия («Qazaqstan». 20.00) құрамалары ойнайды.