Футболдан ӘЧ: Сербия Бразилияға бөгет жасай ала ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін түнде футболдан әлем чемпионатының Е тобында Мәскеудің «Спартак» стадионында Сербия мен Бразилия күш сынасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұл топта екі турдан кейін Бразилия мен Швейцарияның еншісінде 4, Сербияда 3 ұпай бар. Сондықтан үш команда да плей-офф жолдамасынан үмітті. Соның ішінде Бразилия мен ешбір ұпайы жоқ аутсайдер Коста-Рикамен кездесетін Швейцарияның жағдайы жақсырақ. Сербияға тек жеңіс керек.

Швейцариямен тең түсіп, Коста-Риканы 2:0 есебімен тізе бүктірген бес мәрте әлем чемпиондарының басты мәселесі - команда көшбасшысы Неймар өз ойынын әлі таба алмай келеді. Біріншілік қарсаңында аяғынан жарақат алып, жазылғанымен, ауырсынып жүрген 26 жасар шабуылшы тартысты бәсекеге психологиялық жағынан әлі де толық дайын еместігін алдыңғы кездесулерде көрсетіп алды. Дегенмен үшінші, шешуші бәсекеде ол өзінің нағыз мықты екендігін танытады деген үміт бар. Титенің басқа да шәкірттері кілең сен тұр, мен атайын деген сайыпқырандар екендігі анық.

Младен Крстаич баптайтын Сербия бастапқы қос кездесуін жоғары деңгейде өткізді. Коста-Риканы 1:0 есебімен сүріндірсе, Швейцариямен өткен тартысты матчта тек соңғы минуттарда гол жіберіп алып, ұтылып қалды.

Ирандық Алиреза Фагани қазылық ететін алдағы ойында Бразилия жеңіп, Швейцария Коста-Риканы қажетті доп айырмасымен ұта алмаса, онда бразилиялықтар өз тобында бірінші орынға ие болады. Тең ойын болған жағдайда сербтерге плей-офқа шығу үшін швейцариялықтар костарикалықтардан кемінде екі доп айырмасымен жеңілуі керек.

Командалардың алдын ала құрамы мынадай.

Сербия: Стойкович, Иванович, Миленкович, Тошич, Коларов, Миливоевич, Матич, Тадич, Милинкович-Савич, Костич, Митрович.

Бразилия: Алиссон, Марсело, Силва, Миранда, Фагнер, Каземиро, Паулиньо, Коутиньо, Неймар, Жезус, Виллиан.

Айта кетейік, Е тобында бірінші орын алған команда F тобындағы екінші құрамамен кездеседі. Екінші жолдама иесі F тобының жеңімпазымен тоқайласады.

Фото: ru.fifa.com