АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының 1\8 финалында 28 гол соғылды. Осылайша мундиальдың осы кезеңіндегі голдар саны жөнінен рекорд жаңарды. Бұған дейінгі үздік көрсеткіш (26 гол) 1986 жылғы Мексикадағы әлем біріншілігінде тіркелген еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
6 желтоқсанда дүбірлі доданың 1/8 финал матчтары мәресіне жетті. Ширек финалға шыққан сегіз құрама анықталды.
Жарыстың аталған сатысында 9 желтоқсанда Хорватия мен Бразилия, Нидерланд пен Аргентина, 10 желтоқсанда Англия мен Франция, Марокко мен Португалия құрамалары шеберлік байқасады.
Әлем чемпионаты плей-офф сатысында ең көп гол Португалия мен Швейцария (6:1) кездесуінде тіркелді. Аталған ойында барлығы 7 гол соғылды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Испания құрамасы пенальти тебуден антирекорд жасады.
Испаниялық футболшылар әлем чемпионатында бесінші мәрте пенальти сериясына қатысты. Оның төртеуінде қарсыластарына есе жіберді.
Ал Англия мен Италия үш мәртеден пенальти сериясында ойдағыдай нәтиже көрсете алмады.
Фото: AlJazeera
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.