АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өткен 2022 жылғы әлем чемпионатында барлығы 172 гол соғылды. Бұл аталған турнир тарихындағы рекордтық көрсеткіш ретінде тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетсек, бүгін финалда Аргентина құрамасы Франциядан пенальтиден басым түсіп, өзінің тарихында үшінші мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Бұдан бұрын 1998 және 2014 жылдарда 171 голдан соғылған еді. Осылайша биыл аталған рекордқа түзету енгізілді.
Дүбірлі додада 8 голмен француздық шабуылшы Килиан Мбаппе сұрмергендер көшінде бірінші орын алды. Одан кейінгі орында 7 голмен аргентиналық шабуылшы Лионель Месси тұр.
Әлем чемпионатында барлығы 116 футболшы мергендігімен көзге түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.