НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Англия Премьер-лигасы 17 маусымда қайта жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі чемпионаттың сайтына сілтеме жасап.
Бұл күні 29-турдың кейінге қалдырылған екі ойыны өткізіледі. Аталған ойындарда «Манчестер сити» мен «Арсенал», «Астон Вилла» мен «Шеффилд Юнайтед» шеберлік сынасады. Бұдан кейін Премьер-лигадағы барлық команданың еншісіне 29 ойыннан жазылады.
Ал 30-тур 19 маусымда басталады. Ойындар коронавирусқа байланысты жанкүйерсіз өтеді.
Естеріңізге сала кетелік, ағылшын Премьер-лигасы 9 наурыздан кейін кейінге шегерілді. Қазір турнир кестесінде көш басында 29 ойыннан кейін 82 ұпаймен «Ливерпуль» командасы келеді. Одан кейінгі орындардағы «Манчестер сити» еншісінде 57 (28 ойыннан кейін), «Лестерде» 53 ұпайдан бар.
Ал футболдан Испания чемпионаты 11 маусымда жалғасады.
Сондай-ақ, футболдан Германия біріншілігі мамыр айының ортасынан қайта жалғасты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.