НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Австралия құрамасы футболдан 2022 жылғы әлем чемпионаты финалдық сатысына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Австралиялық футболшылар құрлықаралық өтпелі ойында Перу құрамасымен жасыл алаңға шықты. Перу құрамасы Оңтүстік Америкада бесінші орын алған болатын.
Катардың Аль-Райан қаласындағы «Ахмед бин Али» стадионында болған кездесуде негізгі кезеңде құрамалар 0:0 есебіне қанағат білдірді. Пенальтиден Австралия 5:4 есебімен жеңіске жетті.
Австралия осылайша дүбірлі додаға берілген 31-жолдамаға қол жеткізді.
Бұдан бұрын Еуропадағы өтпелі ойында Уэльс Украинаны 1:0 есебімен жеңіп, тағы бір жолдамаға ие болған еді.
Сондай-ақ, құрлықаралық өтпелі ойында Коста-Рика мен Жаңа Зеландия әлем чемпионатына берілетін соңғы жолдаманы сарапқа салады.
Әлем чемпионаты биылғы 21 қараша мен 18 желтоқсаннда Катар мемлекетінде өтеді.
Еске салсақ, UEFA Ұлттар лигасында Франция Хорватиядан жеңілді .
Фото: twitter.com/@Socceroos
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.