АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының XVтурында «Ақтөбе» өз алаңында шымкенттік БИІК командасынан басым түсті.
Жанкүйерлер екі команданың өзара кездесуіне қызығушылық білдірді. Турнир кестесінде биыл қос ұжым көш басында келеді. Қазірге дейін 15 ойыннан кейін БИІК клубы 43 ұпаймен бірінші орында келе жатса, олардан екі ойын кем өткізген «Ақтөбенің» еншісінде 37 ұпай бар болатын.
Кездесу барысында шымкенттік клуб алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан Мартина Серрант 70-минутта мергендігімен көзге түсті.
Ал 73-минутта «Ақтөбе» сапынан Алина Литвиненко таразы басын теңестірсе, Екатерина Морозова 76-минутта өз қақпасына гол соғып алды.
Ойынның 90, 96-минутында ақтөбелік клубтан Мәдина Жаңатаева екі гол соғып, өз командасына жеңіс сыйлады.
Осылайша «Ақтөбе» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.
Енді аталған турдағы қалған ойындар 28 шілде күні өткізіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.