Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында «Ақтөбе» өзінің рекордын жаңартты
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының тоғызыншы турында «Ақтөбе» командасы қарсылас қақпасына гол соғу жөнінен өзінің рекордын жаңартты.
Ақтөбелік футболшылар сырт алаңда Көкшетаудың «Оқжетпес» командасымен ойнады. Кездесу барысында олар бірінші кезеңде қарсылас қақпасына жауапсыз он екі гол соқса, екінші кезеңде де дәл сондай көрсеткішті қайталады.
Осылайша «Ақтөбе» қарсыласынан 24:0 есебімен басым түсті. Олар бұған дейін 19 мамырда «Атырауды» 19:0 есебімен тізе бүктірген еді.
Тоғызыншы турдың ойын кестесі:
«Атырау» - «Қызылжар» (Петропавл) 1:6
«Оқжетпес» (Көкшетау) - «Ақтөбе» 0:24
«Жетісу» (Талдықорған) - «Ұлытау» (Жезқазған) 0:2
«Тобыл» (Қостанай) - «Елімай» (Семей) 0:4
«Томирис-Тұран» (Түркістан) - «Қайрат» (Алматы) 3:0
«Жеңіс» (Астана) - «Астана» 0:3
«Қайсар» (Қызылорда) - БИИК (Шымкент) 0:7
Биыл Қазақстан футбол федерациясы талабымен ерлер клубтарының жанынан әйелдер құрамалары құрылған. Өткен жылы чемпионатқа тек 4 өңірден 5 команда ғана тіркелген еді.
Әр команда сапында кемінде қазақстандық футбол мектебінің 13 түлегі болуға тиіс деген талап қойылып отыр. Оған 2009 жылы және одан ерте дүниеге келген футболшылар қатыса алады.