Футболдан әйелдер лигасында «Ақтөбе» қатарынан он үшінші рет жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан еліміздің әйелдер лигасында ХIV турының кейінге қалдырылған ойыны өтті.
Бұл жолы қызылордалық «Қайсар» өз алаңында «Ақтөбе» командасын қабылдады.
Ақтөбелік команда он үш тур бойы жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Өткен турда көш басында келе жатқан Шымкенттің БИІК командасын сүріндірді. Олар бұл кездесуде де жігерлі ойын көрсетті.
Ақтөбелік футболшылар алаң иелері қақпасына жауапсыз 9 гол салды. Осылайша қарсыласынан 9:0 есебімен басым түсті.
Енді алдағы тур ойындары 11 тамыз күні өтеді.
Федерация талабымен ерлер клубтарының жанынан биыл әйелдер құрамалары құрылған.
Өткен жылы чемпионатқа тек 4 өңірден 5 команда ғана тіркелген еді.
Әр команда сапында кемінде қазақстандық футбол мектебінің 13 түлегі болуға тиіс деген талап қойылып отыр. Оған 2009 жылы және одан ерте дүниеге келген футболшылар қатыса алады.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Бірінші лигада «Алтай» «Каспийді» ірі есеппен жеңді.