Футболдан әйелдер лигасында «Ақтөбе» қатарынан үшінші мәрте ірі жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан еліміздің әйелдер лигасының үшінші туры мәресіне жетті.

Фото: «Ақтөбе» футбол клубы

Екінші ойын күні, 12 мамырда В конференциясындағы командалар өзара шеберлік байқасты. Олардың арасынан «Ақтөбе» тағы бір мәрте ірі жеңіске жетті. Бұл жолы олар өз алаңында астаналық «Жеңіс» командасын 13:1 есебімен сүріндірді. Осылайша олар үш турда қарсыластар қақпасына 43 гол соғып, өз қақпасына небәрі бір гол жіберіп алды.

12 мамыр

В конференциясы

«Оқжетпес» (Көкшетау) - «Қызылжар» (Петропавл) 0:3

«Ертіс» (Павлодар) - «Шахтер» (Қарағанды) 1:1

«Ақтөбе» - «Жеңіс» (Астана) 13:1

«Тобыл» (Қостанай) - «Алтай» (Өскемен) 4:0

«Астана» - «Елімай» (Семей) 4:0.

Сондай-ақ 11 мамырда А конференциясында төрт ойын өткізілді.

А конференциясы

«Каспий» (Ақтау) - «Ұлытау» (Жезқазған) 0:0

БИІК (Шымкент) - «Ордабасы» (Шымкент) 13:0

«Томирис-Тұран» (Түркістан) - «Жетісу» (Талдықорған) 3:0

«Қайсар» (Қызылорда) - «Қайрат» (Алматы) 2:1

Биылғы маусым отандық әйелдер футболы тарихындағы ең ауқымды әрі қызықты кезеңдердің бірі болмақ. Чемпионатқа 19 команда қатысып, лига екі конференцияға бөлінді. А конференциясында - 9 команда, В конференциясында - 10 команда ойнайды.

Командалар екі кезеңдік жүйе бойынша өзара кездесу өткізеді. Одан кейін әр конференциядан 1 және 2 орын алған клубтар жартылай финал мен финалда чемпиондық үшін таласады.