Футболдан әйелдер лигасында БИІК «Томирис-Тұранмен» тең түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының ХХІV турының ойындары өтті.
Бұл турда жанкүйерлер тарапынан «Томирис-Тұран» (Түркістан) мен БИІК (Шымкент) кездесуіне ерекше қызығушылық болғаны рас. Көп жылдан бері ел біріншілігінде топ жарып жүрген шымкенттік клуб биыл сол жетістігін қайталауға күш салып отыр. Дегенмен бүгінгі кездесуде олар жеңіске жетуі тиіс еді. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Салдарынан басты қарсыласы - «Ақтөбеден» үш қпайға қалып қойды. Ақтөбелік клуб бүгін сырт алаңда петропавлдық «Қызылжарды» 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша «Ақтөбе» 68 ұпаймен көш басында тұрса, БИІК 65 ұпаймен екінші, «Томирис-Тұран» 57 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді.
Ойын нәтижесі:
«Оқжетпес» (Көкшетау) — «Қайсар» (Қызылорда) 0:6
«Жетісу» (Талдықорған) — «Тобыл» (Қостанай) 1:1
«Қызылжар» (Петропавл) — «Ақтөбе» 0:3
«Атырау» — «Ұлытау» (Жезқазған) 0:5
«Қайрат» (Алматы) — «Астана» 2:0
«Томирис-Тұран» (Түркістан) — БИІК (Шымкент) 1:1.
Ал «Жеңіс» (Астана) — «Елімай» (Семей) кездесуі кейінге шегерілді.
Федерация талабымен ерлер клубтарының жанынан биыл әйелдер құрамалары құрылған. Өткен жылы чемпионатқа тек 4 өңірден 5 команда ғана тіркелген еді.
Әр команда сапында кемінде қазақстандық футбол спорты мектебінің 13 түлегі болуға тиіс деген талап қойылып отыр. Оған 2009 жылы және одан ерте дүниеге келген футболшылар қатыса алады.