АСТАНА. KAZINFORM - Катарда өтіп жатқан футболдан Азия кубогында 15 қаңтарда, төртінші ойын күнінде Оңтүстік Корея құрамасы Бахрейннен басым түсті.
Кездесу барысында корейлік футболшылар тізгінді қолға ұстауға тырысты. Десе де бірінші кезеңде бахрейндік футболшылар лайықты қарсылық көрсете білді.
Ойынның 38-минутында Оңтүстік Корея құрамасынан Хван Ин Бём мергендік танытса, 51-минутта Абдулла Аль-Хашаш таразы басын теңестіріп кетті.
Осыдан кейін корейлік Ли Кан Ин 56, 68-минуттарда қос голдың авторы атанды.
Осылайша Оңтүстік Корея қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, алғашқы жеңісін тойлады.
Сондай-ақ аталған жарыс күнінде дәл осындай есеппен Ирак құрамасы Индозенияны тізе бүктірді.
Ал Иордания футболшылары Малайзияны 4:0 есебімен жеңіп кетті.
Енді 16 қаңтарда F тобында Таиланд пен Қырғызстан, Сауд Арабиясы мен Оман шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Иран құрамасы Палестинаны ірі есеппен жеңді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.