Футболдан бір матчта 17 ойыншы алаңнан қуылды

АСТАНА. 30 қазан. ҚазАқпарат - Футболдан Уругвай чемпионатының 9 турында «Уондерерс» пен «Хувентуд» командаларының арасындағы матч төбелеспен аяқталды, деп хабарлайды Eurosport.

Ойын өте қызықты өрбіп жатты - «Уондерерс» екі рет алға шықты, алайда «Хувентуд» есепті теңестіріп отырды, 90 минуттан кейінгі есеп 3:3 болды. Төреші қосқан қосымша уақытта «Уондерерс» аяқдопшылары қазыдан айып добын белгілеуді талап етті. Бірақ пенальти белгіленген жоқ.

Матч біткен соң нәтижеге қанағат танытпаған ойыншылар жұдырықтың көмегіне жүгінді. Төреші Леодан Гонсалес ойыншыларды сабасына түсіру үшін екі жақтан сегіз-сегізден футболшыны алаңнан шеттетті, бұған дейін де бір ойыншының алаңнан қуылғанын ескерер болсақ, жалпы қызыл қағаздар саны 17-ге жетті.

Қос команда басшылары айыпты футболшыларды жазалаймыз деп отыр.