АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары арасында ел біріншілігінің 13-турының екінші ойын күні мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Турнир кестесінде соңғы орынның бірінде келе жатқан «Ақтөбе жастары» бұл жолы Түркістан облысының «Арысын» 5:1 есебімен тас-талқан етіп жеңді. «Арыс» турнир кестесінде ортаңғы жағында келеді. Соған қарамастан олар бүгін «Ақтөбе жастарына» қарсы тұра алған жоқ.
Бұл күні тағы бір кездесуде Павлодар облысының «Екібастұзы» өз алаңында Шымкенттің «Қыранына» 1:2 есебімен жол берді.
Ал «Тараз» бен «Астана-2» командасы 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Сондай-ақ, 29 маусымда «Tүркістан» өз алаңында «Қайрат-жастарымен» 1:1 есебімен тең түссе, «Тұран» «Ақжайықты» 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Енді 1 шілдеде «Хан-Тәңірі» (Алматы) мен «Жеңіс» (Астана), «Елімай» (Семей) мен «Оңтүстік академиясы» (Шымкент) шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.