АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан бірінші лига командалары арасында ел чемпионатының 6-турында Оралдың «Ақжайығы» Шымкентте «Академия Оңтүстік» командасын 3:0 есебімен ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық маман Игорь Прохницкийдің шәкірттері бірден жинақы ойнап, 2-минутта-ақ Денис Яскович есеп ашты.
Бірінші тайм соңына таман Микола Агапов есепті 2:0-ге жеткізді.
Екінші кезеңде 82-минутта Арман Смаилов матчтың нүктесін қойды.
Бұл турда премьер-лигаға шығуға үміткер командалардың бірі – Түркістанның «Тұраны» Екібастұзда жергілікті командамен тең ойнап, ұпай жоғалтты.
Турнир кестесінде Семейдің «Елімай» командасы 16 ұпаймен көш бастаса, одан үш ұпайы кем «Ақжайық» екінші орында келеді. Оралдықтар келесі кездесуін өз алаңында 14 мамырда «Арыспен» өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан бірінші лигада «Ақжайықтың» «Қыранды» 10:2 есебімен ұтқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).